Астана қаласы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының математика пәні мұғалімі, «Олимп шыңын» бірнеше дүркін бағындырған, Елбасының марапаттауын алған Муаммер Гүлдің баптаған оқушылары мамыр айының 1-4 күндері біздерді тағы бір қуантты.
Грузияда өткен жасөспірімдердің Халықаралық ғылыми сайысына Оңтүстік Африка, Индонезия, Малайзия, Албания, Индия, Тайланд және ТМД елдерінен 300 үміткер қатысты. Олимпиаданың мақсаты әр елдегі жас таланттарды ғылымға тарту болатын. Математика пәнінен қатысқан лицейдің 3 оқушысы да жүлделі орындар алып келді. 11 сынып оқушылары Аминжан Эйнар, Мамырбеков Ерасыл алтын, Асылбеков Данияр күміс медальдарға ие болды.
Осы аралықта Мәскеу қаласында өткен Халықаралық «Математика и проектирование» ғылыми жобалар сайысында 11-сынып оқушысы Омаров Бейбарыс І орынды жеңіп алды.
Муаммер Гүлдің резервтегі шәкірттері, 7-8 сынып оқушылары, сәуір айында ғана өткен Халықаралық И.Ф.Шарыгин геометриялық олимпиадасына қатысып, 1 күміс, 3 қола медальдарын алып келген еді.
Еңбегімен елді қуантқан Ұстаздың абыройы аса берсін демекпіз!
Жүнісова Гүлназ Минтаевна

Гулназ Минтаевна