• А. БЕКТҰРОВ АТЫНДАҒЫ V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА

          • 25-26 ақпан күндері Павлодарда химия пәнінен А.Бектұров атындағы V Халықаралық олимпиада өтті. Білім додасында еліміздің 12 өңірінен келген 87 оқушы 19 команда құрамында бақ сынады. Қатысушылардың арасында республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де болды. Кілең білімпаздар бәсекеге түскен сайыста Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Қайратбек Абылай екінші орынды жеңіп алды. Лицей шәкіртін жетістігімен құттықтаймыз!

          • ОҚУШЫЛАР ƏСКЕРИ-СПОРТТЫҚ ЖАРЫСҚА ҚАТЫСТЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-11-сынып оқушылары арасында «Ауған алауы жадымызда» атты әскери-спорттық жарыс өтті. Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған шарада шәкірттер бірнеше топқа бөлініп, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы сайысқа түсті. Бұл жарыс оқушылардың патриоттық сезімін арттырумен қоса, салауатты өмір салтын насихаттады.

          • АКТЕР НҰРДӘУЛЕТ ШЕРТІМ ЛИЦЕЙГЕ ҚОНАҚҚА КЕЛДІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына актер, КТК ойыншысы Нұрдәулет Шертім қонаққа келіп, оқушылармен кездесті. Ол әдемі әзілдерімен жас көрермендерінің езуін жидырмай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, басынан өткерген қызықты оқиғаларын айтып беріп, лицей шәкірттерін ду күлдірді. Кездесуден соң, оқушылар актермен естелік суретке түсті.

          • СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ОҚУШЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының шәкірттері шет-шетінен қабілетті әрі жан-жақты. Мәселен, 7-сынып оқушысы Алихан Ақаев хоккейден жаттығу жиынына қатысты. Сонымен қатар, ол химия пәнінен 23-ақпанда Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстанның астанасы Қазанда өткен Бүкілсібірлік ашық олимпиадада бақ сынады. Айта кетейік, бұл білім сайысы 8-сынып шәкірттері арасында ұйымдастырылады. Ал Алихан іріктеу кезеңінде жүлдегер болғандықтан, 7-сыныпта оқыса да, аталған олимпиадаға қатысуға жолдама алған еді. Оған дейін ешбір қазақстандық 7-сынып оқушысы бұл халықаралық білім додасына қатыспаған болатын.

          • ЛИЦЕЙДЕ ПЕДКОНСИЛИУМ ӨТТІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы оқушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасын үздіксіз жетілдіріп отыруға айрықша мән береді. Сол себепті, 23-ақпан күні 7-8-сынып оқушылары ата-аналарына мектепте педконсилиум ұйымдастырылды. Олар педконсилиум барысында пән мұғалімдерімен жеке-жеке сөйлесіп, оқушының сабағын жақсартып одан әрі дамытудың жолдарын қарастырды. Бұл шара алдағы уақытта жемісін беріп, шәкірттердің сабағы одан сайын жақсара түседі деген сенім мол. Сонымен қатар, педконсилиум ата-аналар мен ұстаздар арасындағы өзара байланысты нығайта түскені де анық.

          • ЛИЦЕЙГЕ "POLYU" УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ҚОНАҚҚА КЕЛДІ

          • Астанадағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына Гонконгтегі «PolyU» университетінің өкілдері қонаққа келіп, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетейік, аталған жоғары оқу орны әлемдегі ең үздік жүз университеттің тізімінде бар. Лицей қонақтары ұстаздармен сұхбаттасып, пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, оқушылармен де кездесіп, ғылым мен технология саласында болып жатқан соңғы жаңалықтар мен ақыл-кеңестерін айтты.

          • ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы мен шәкірттері үшін адам өмірі бәрінен құнды. Сол себепті, 19 ақпан күні Байқоңыр аудандық өрт сөндіру басқармасының бастығы, подполковник Еркін Отарғалиұлы қарамағындағы қызметкерлерді бастап келіп, мектеп әкімшілігімен бірге арнайы шара ұйымдастырды. Онда мамандар оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың мән-маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керек екенін айтып берді. Байқоңыр аудандық өрт сөндіру басқармасының бастығы, подполковник Еркін Отарғалиұлы лицей ұстаздарымен сұхбаттасып, жоғарыда аталған мәселе бойынша ой бөлісті. 

          • "ЖҰЛДЫЗДАР ШЕРУІ - 2019" МАРАПАТТАУ РƏСІМІ ӨТТІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты «Жұлдыздар шеруі – 2019» салтанатты марапаттау рәсімін ұйымдастырды. Онда 2018-2019 оқу жылының алғашқы жартысында жетістікке жеткен оқушыларға және олардың ұстаздары мен ата-аналарына құрмет көрсетілді. Салтанатты шара барысында жиналған қауым бір минут үнсіздік арқылы жуырда Астанада өртенген үйде қайтыс болған өрімдей бес қызды еске алды. Содан соң жүргізушілер марапаттау рәсімінің қонақтарымен таныстырды. Олар: Астана білім басқармасының өкілі және бас маманы Асыл Амангелдіқызы, «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Майра Жаноразқызы, «Білім-Орда» қорының президенті Дарханбек Қожабеков, Қамқорлық кеңесінің төрағасы Аскер Пириев, «Нұрорда» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қуат Қожахметов. Дәстүрлі түрде өткізілетін марапаттау үрдісін бастамастан бұрын лицей директоры сөз алып, дарынды оқушыларға осы бағытттан таймай, еңбектене беруіне кеңес беріп, үлкен жеңістерге толы жарқын болашақ тіледі. Мектеп басшысының сөзінен кейін сахнаға Қамқорлық кеңесінің төрағасы Аскер Пириев шығып, «БИЛ болашағы – 2019» аталымы бойынша 23 аудандық олимпиада жеңімпазы мен жүлдегеріне арнайы мақтау қағазын табыстады. Әуезді күй орындалып, жұрт бір серпіліп алған соң, «БИЛ мақтанышы – 2019» аталымымен 30 шәкірт марапатталды. Олар мақтау қағазын математика ғылымдарының докторы, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері ұстаз Муаммер Гүлдің қолынан алды. «БИЛ мақтанышы – 2019» аталымы бойынша тағы 24 оқушыға «Білім-Орда» қорының президенті Дарханбек Қожабеков құрмет көрсетті. 
            Орайы келгенде, айта кетейік, 2019 жылғы қалалық пән олимпиадасында «Білім-инновация» лицейінің оқушылары 49 жүлделі орынды иеленіп, Астана қаласының үздік олимпиада командасы болды. Мектептің осындай ірі табысқа жетуіне үлес қосқан жас білімпаздар да кеште басты назарда болды. Атап айтқанда, лицей директоры Жеңіс Жұмабайұлы 31 оқушыға «БИЛ көшбасшысы – 2019» атағын берді. Одан әрі «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Майра Жаноразқызы «БИЛ жұлдызы – 2019» аталымымен 17 шәкіртті марапаттады. Олар – лицейдің ғана емес, күллі елдің атын шығарып, халықаралық білім додаларында биіктен көрінген талапты жастар. Астана білім басқармасының өкілі және бас маманы Асыл Амангелдіқызы және жеті «БИЛ жұлдызы – 2019» аталымы иегерін ортаға шақырып, көпшілікке таныстырды. Олардың қай-қайсысы да халықаралық сайыстарда Қазақстан туын биікте желбіреткен дарынды жастар. Шәкірттерге мақтау қағазын табыстап болған соң, лицей директоры Жеңіс Жұмабайұлы тұлпарын баптаған атбегідей жылдар бойы шәкірттерін білім бәйгесіне дайындап, додаға қосқан ұстаздарды марапаттады. Сондай-ақ, мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып, лицей ұжымына қолғабыс етіп жүрген ата-аналар да назардан тыс қалған жоқ. Олар да арнайы мақтау қағазына ие болды. 
            Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білімді ұрпақ – қашан да ел тірегі» деген сөзіне жүгінсек, Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатынан түлеп ұшқан талай білімді жас Отанының дамуына зор үлес қосатыны шүбәсіз.