• ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗИЯ-ТЫНЫҚМҰХИТТЫҚ ЖӘНЕ ЖІБЕК ЖОЛЫ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

          • Алматы қаласында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Азия-Тынықмұхиттық  және Жібек жолы халықаралық математикалық олимпиадасы өтті. Осы жарысқа қатысқан мектебіміздің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.  Лицейіміздің 10-сынып оқушысы Дүйсенбеков Данат ең жоғары ұпай жинап, алтын медаль алып абсолюттік жеңімпаз (АТМО) атанса, Жібек жолы олимпиадасынан күміс медаль иегері атанды. АТМО бойынша Раушанов Марлен күміс медаль, Махмутов Тамерлан, Алибеков Алишер, Бекмухамбетов Дастан, Сам Фетуллах, Есенгелді Нұрдаулет  қола жүлдегер атанса, Жібек жолы олимпиадасынан Сейдалы Султанали қола медаль алды. Оқушыларымызды және жарысқа дайындаған математика мұғалімі Муаммер Гүлді құттықтаймыз!

          • ЛИЦЕЙ ҰСТАЗЫ "ҮЗДІК ЖАС МАМАН" БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ

          • "Білім беруді жаңғырту орталығы" жуырда "Үздік жас маман" қалалық байқауын өткізді. Айта кетейік, бұл сайыс ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жарияланған "Тəуелсіздіктің ұрпақтары" жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Аталған байқауда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған "Білім-инновация" лицей-интернатының физика пəні мұғалімі Қайрат Ерназар үздік өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Лицей ұстазын жетістігімен құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруын тілейміз!

          • «ЗИЯТКЕРЛІК ФОРМУЛАСЫ» АТТЫ ЧЕМПИОНАТ ӨТІП ЖАТЫР

          • Елордада VI Бүкілресейлік «Зияткерлік формуласы» зияткерлік ойындардың чемпионаты аясында «Не? Қайда? Қашан?» атты сайыс өтті. Бұл білім бәсекесінде Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушыларынан жасақталған топ өте сәтті өнер көрсетіп, келесі финалдық кезеңге жолдама алды. Айта кетейік, чемпионатқа Ресей Федерациясы мен Белорусь Республикасының жастары да қатысып жатыр. Үш елдің үздік өрендері 23 наурызда Астанада өтетін финалдық кезеңде бақ сынайды.

          • ШӘКІРТТЕР ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНА БАРДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары елордадағы Қуыршақ театрына барып, «Мәңгілік бала бейне» атты қойылымды тамашалады. Онда сынақ алаңының жергілікті халық денсаулығына тигізген зардабы мен жұрттың басына түскен қасірет әсерлі көрсетілді. Шәкірттер тарихтың қаралы беттерінен хабардар болып, адамзат жасаған қателіктерден ой түйіп қайтты.

          • ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫ

          • Түрлі білім додаларында ел абыройын асқақтатып жүрген Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары Оңтүстік Корея елінде өткен халықаралық ғылыми жоба сайысында да жеңісті жолынан жаңылған жоқ. Атап айтқанда, Дәут Мағжан бірінші орын, Слямов Дарын, Асқар Дәулеткерей, Дәрігер Рустам екінші орын, ал Жеңіс Мақсат, Қуат Ернар, Әшімов Сұлтан және Пириев Омар үшінші орын алды. Лицей шәкірттерін және олардың ұстаздары Гүлнар Рахимова, Алигасан Молдатаев, Есбол Дүйсеев, Ерназар Қайрат, Гүлқайың Жатақбаева, сондай-ақ, Муаммер Гүлді құттықтап, ерен еңбегі үшін алғыс білдіреміз!

          • "ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ" ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10«А» сыныбы оқушылары тарих пәнінен «Қазақ хандығының құрылуы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Дәрісте олар ойын еркін әрі ұғынықты жеткізу үшін ерекше тәсілді қолданды. Яғни, PBL әдісін пайдалану арқылы «Қазақ хандығы» диорамасын көпшілік назарына ұсынып, таныстырды. Шәкірттер Қазақ хандығының құрылған мезгілі XV ғасырдың екінші жартысындағы тарихи жағдайлар жөнінде мәлімет берді.

          • ЛИЦЕЙДЕ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

          • 1-наурыз күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы мен оқушылары Алғыс айту күнін атап өтті. Әсіресе, шәкірттер белсенділік танытып, арнайы қойылған стэндтердегі қағазға ұстаздарына деген риясыз көңілі мен кіршіксіз пейілін білдіріп, тілек жазды. Сонымен қатар, лицей ішінде әдемі шарлар, ал тыста қала тұрғындарына ыстық шай таратылды. Мұндай игі шара талай жүрекке мейірім шуағын шашқаны анық.