• ЛИЦЕЙДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

          • Нұр-Сұлтандағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында 2018-2019 оқу жылында мектеп бітіріп жатқан түлектермен қоштасуға арналған «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті. Шараға оқушылар, ұстаздар және ата-аналар қатысты. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз кезегін алған лицей директоры Жеңіс Жұмабайұлы алтын ұясынан түлеп ұшқан шәкірттеріне ақ жол тілеп, ал олардан кейінгі толқынға білім жолында ағаларының жарқын жолын жалғастыру аманат екенін жеткізді. Одан кейін сөз тізгінін алған “Білім-Инновация” Халықаралық Қоғамдық Қорының президенті Дарxан Өте жас талапкерлердің қалаған жоғары оқу орнына түсіп, еліне қызмет ететін мықты маманға айналуын тіледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2007-2011 жылдардағы депутаты Алдан Зейноллаұлы ата-аналардың атынан түлектерге ақжарма тілегін айтты. Лицей шәкірттері жүрек тербетер ән айтып, көңіл толқытар күй тартып, жанды баураған қимастықты жеткізді. Сондай-ақ, түлектер білім мен тәрбие берген мұғалімдеріне қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде алғыс  айтып, олардың үмітін ақтау үшін барын салуға уәде берді. Шәкірт тәрбиелеуде аянбай жұмыс істеп жүрген ұстаздар қауымы арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ал лицейдің Білім символын республикалық ғылыми жоба қорғау сайысы қалалық кезеңінің 2-ші орын, республикалық педолимпиаданың 1-ші орын иегері, лицейдегі өзін-өзі басқару ұйымының 2017-2018 оқу жылындағы президенті Алмаз Қадес үздік 10-сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Жандос Нұрмұқановқа тапсырды. Биылғы оқу жылының соңғы қоңырауын үздік 7-сынып оқушысы Әлішер Еслямбек пен республикалық пәндік олимпиададан 2 мәрте 2-ші орын алған, Бектұров атындағы Халықаралық олимпиаданың және 51-ші Менделеев Халықаралық олимпиадасының жүлдегері Абылай Қайратбек соқты. Айта кетейік, Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының шәкірттері 2018-2019 оқу жылында талай білім додасында үздік нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, оқушылар қалалық олимпиадада 78, республикалық олимпиадада 41, қалалық ғылыми жоба сайыстарында 22, халықаралық ғылыми жоба сайыстарында 69 жүлделі орынды жеңіп алды. Биыл мектеп бітірген 92 түлектің жетеуі «Алтын белгі» белгісіне, он тоғызы ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.

          • ЛИЦЕЙ БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕП АУЛАСЫНА ЕСТЕЛІК АҒАШЫН ОТЫРҒЫЗДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы «Он жыл өмір сүргің келсе, ағаш ек; Мәңгілік өмір сүргің келсе, ұрпақ тәрбиеле» деген даналық сөзді берік ұстанады. Олай дейтініміз, мектебімізде шәкірттерге білім мен тәрбие берумен қоса, қоршаған ортаны қорғауға да көңіл бөлінеді. Мәселен, 11-сынып оқушылары «Жасыл ел» бағдарламасы аясында мектеп ауласына ағаш отырғызып, соңынан еріп келе жатқан інілеріне жарқын үлгі көрсетті. Айта кетейік, мектеп бітіруші түлектердің көшет отырғызуы лицейімізде жыл сайынғы игі үрдіске айналған.

          • ЛИЦЕЙІМІЗДІҢ МҰҒАЛІМІ "ҮЗДІК ПЕДАГОГ - 2019" САЙЫСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ

          • Нұр-Сұлтан қаласында 21-мамыр күні қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының қалалық кезеңі өтті. Оқушылар сарайында өткен сайыста елорда мектептерінің ішінен үздік деп танылған 9 мұғалім өз бақтарын сынады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені математика ғылымдарының докторы, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, лицейімізде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан математика пәні мұғалімі, «Олимп шыңына жетелеуші» дарынды ұстаз - Муаммер Гүл жеңіп алды. Бас жүлде иегеріне – 1 млн 745 мың теңге ақшалай сыйлық пен диплом табыс етілді. Жеңімпаз ұстазымызды айтулы жеңісімен құттықтап, одан да биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз!