ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Өскемен қаласында 2019 жылдың 25-26 сәуірінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, СССР, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Н.К. Крупская медалінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен V мәрте республикалық олимпиада өткізді.
Олимпиаданың мақсаты - оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, патриотизмді, азаматтылықты, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиадаға 14 облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Назарбаев зияткерлік мектептерінен және Республикалық физика-математика мектептерінен аймақтық іріктеу айналымынан өтіп, Республикалық кезеңге жолдама алған 250 оқушы қатысты. Оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармалары, Қ. Бітібаеваның ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектері бойынша білімдерін көрсету арқылы бақ сынады. Астана қаласының білім беру мекемелерінен қатысқан 13 оқушының ішінде дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Жамбыл Шыңғыс жоғары нәтиже көрсете білді. Екі айналымнан (1 айналым – жазбаша (эссе); - 2 айналым – ауызша) өткен олимпиада қорытындысы бойынша Шыңғыс III дәрежелі дипломмен марапатталып, естелік сыйлыққа ие болды. Жеңімпаз оқушымыз Жамбыл Шыңғысты және жетекші пән мұғалімі Мажибиева Бағила Жалғасқызын жеңісімен құттықтаймыз!