• ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ...

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы мен оқушылары жыл сайын қаңтар айында қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Бұл игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. «Жаныңда жүр жақсы адам» акциясы аясында лицей ұстаздары мен шәкірттері қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен 15 отбасыға көмек қолын созды. Яғни, қажетті азық-түлігі мен киім-кешегін апарып берді. Мұқтаж жандарға жәрдемдесумен бірге, оқушыларды мейірімділік пен көпшілдікке тәрбиелейтін бұл шара әлі бір аптаға созылады.

          • ТАНЫМАЛ СУРЕТШІ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына белгілі суретші Ренат Елубаев қонаққа келіп, оқушылармен кездесті. Кездесу барысында ол сурет салып көрсетіп, жас жеткіншектерді өнерімен тәнті етті. Сондай-ақ, бейнелеу өнерінің қыр-сыры, тарихы және атақты суретшілер жөнінде айтып берді. Ең бастысы, Ренат мырза адамгершілік қағидаттары жөнінде тағылымды әңгіме өрбітіп, шәкірттерді арлы, адал болуға үндеді. Сонымен қатар, жас талапкерлерге мамандық таңдауда қателеспеуге кеңес беріп, ой салды.

          • АСТАНАДА ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

          • 23-қаңтар күні Астана қаласындағы "Нұр әлем" павильонында "Тәуелсіздіктің ұрпақтары" атауымен жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген бұл іс-шараға мектебіміздің 10-сынып оқушысы, математика пәні бойынша халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Дүйсенбеков Данат та қатысты.

          • ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСҚА ҚАТЫСТЫ

          • 19-25 қаңтар аралығында Астана қаласында «Парасат-2019» атты зияткерлік сайыс өтті. Бұл байқауға 70 мектептің оқушылары қатысып, бақ сынады. Біздің лицейдің шәкірттерінен жасақталған «БИЛ қырандары» тобы әуелі аймақтық кезеңде үздік атанып, Байқоңыр ауданынан қатысқан 12 мектептің оқушыларына дес берген жоқ. Келесі саты қалалық кезең 25-қаңтарда ұйымдастырылды. Мұнда да Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының шәкірттері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, білімділігі мен тапқырлығын көрсете білді. Соның арқасында жүлдерлі 2-ші орынды жеңіп алып, қала мектептерінің арасында лицейіміздің абыройын асқақтатты. Лицей директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Рахимова жетекшілік еткен топ мүшелері – Сұлтан Әшімов, Мағжан Дәуітов, Жандос Бақытов, Жеңіс Болсын және Болат Қожамжаровты жеңісімен құттықтай отырып, лицей атынан алғыс білдіреміз. Айта кетейік, оқушылардың ой өрісі, таным көкжиегі сынға түсетін аталған зияткерлік сайыс енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

          • «АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫН ІЗДЕ»

          • Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Сол себепті, еліміздің әр мектебінде, соның ішінде біздің лицейде де қызметкерлер мен оқушыларға қызылшаға қарсы вакцина егіледі. Нәтижесінде, адам ағзасында аталған ауруға төтеп беретін иммунитет пайда болады. Қызылшаның алғашқы белгілерін де жазып өтейік: әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, дене қызуы. Бірер күннен соң денеде қызыл дақтар пайда болады. Өзіңізден мұндай белгілерді байқасаңыз, бірден дәрігерге қаралуға кеңес береміз. Қызылшаны асқындырып алсаңыз, қауіпті ауруларға ұласуы мүмкін екенін ескеріңіз.

          • Оқушылар жарыстан жеңіспен оралды

          • Астана қаласында 17-қаңтар күні Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттык университеті базасында мектеп оқушылары арасында ағылшын тілінен олимпиада ұйымдастырылды.  Аталған жарысқа Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының  10-11-сынып оқушылары қатысты. Олимпиада нәтижесі бойынша Серікбеков Архат 2-орынға ие болса,  көрсеткен ерекше жетістіктері үшін Нұрмұқанов  Жандос  пен Ақмұрат Дәуіржан мақтау қағазымен марапатталды. Оқушыларды және жарысқа дайындаған ағылшын тілі пәні мұғалімі Сейілбаева Мөлдір Бекетаевнаны жеткен жоғары жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!

          • МҰҒАЛІМДЕР МӘРТЕБЕСІ ЖАЙЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАЛДЫ

          • 16-қаңтар күні ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мен Астана қаласы ата-аналар қауымдастығының төрайымы Гүлнар Омарова лицейімізге келіп, мектеп ұжымымен кездесті. Кездесу екіжақты пікір алмасу түрінде өрбіп, қоғамдағы мұғалім мәртебесі жайлы келелі әңгіме айтылды.

          • АТА-АНАЛАР КОМИТЕТІНІҢ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ


          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында ата-аналар комитетінің жиналысы өтті. Жиналыс барысында I жартыжылдықтың қорытындысы, CIS ұйымына өтудің мақсаттары мен міндеттері және оқушыларға білім мен тәрбие берудегі лицей жоспары көпшілік назарына ұсынылып, талқыланды.

          • ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов қонаққа келіп, оқушылармен кездесті. Ол дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқудың артықшылықтары мен оларға оқуға түсудің жолдарын түсіндірді. Әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алу үшін жас талапкерлерді ағылшын тілін жетік меңгеруге және еңбекқор, ізденімпаз болуға шақырды. Шәкірттердің арманына қанат бітірген кездесуде тағылымды әңгімелер айтылды.

          • ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ XV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИАДАСЫНАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

          • 2019 жылдың 9-15 қаңтар аралығында Алматы қаласында XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Халықаралық Жәутіков олимпиадасы Қазақстандағы беделді білім беру іс-шараларының бірі болып табылады. Олимпиадаға әлемнің 18 елінен 525 мектеп оқушысы қатысты. Жарыс нәтижесінде Астана қаласының командасы өте жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде, Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 6 оқушысы жүлделі орынға ие болды. Математика пәні бойынша Есенгелді Нұрдаулет, Ашкен Абылай, Раушанов Марлен күміс медальмен марапатталса, Каришев Шыңғыс пен Сейдалы Сұлтанали қола медаль иегері атанды. Ал, информатика пәні бойынша Маулен Манас қола медальмен марапатталды. Жүлдегер оқушыларымызды, дайындаған ұстаздарын және ата-аналарын құттықтаймыз!

          • МҰҒАЛІМ ЖЕТІСТІГІ

          • Қаңтар айының 10-13 жұлдызы аралығында Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтіп, білім бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмай, оза шапқан дарындылар анықталды. Аталған байқауда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Ардақ Мырзахметов жүлделі екінші орын алып, жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін дәлелдеді. Лицей мақтанышы білікті ұстазды жетістігімен құттықтаймыз!

          • ЛИЦЕЙ ҰСТАЗЫ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Жеңіс Жұмабайұлы география пәні мұғалімі Гүлқайын Үмітханқызына тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды. Гүлқайын Үмітханқызын лицей атынан құттықтаймыз!