• МҰҒАЛІМ ЖЕТІСТІГІ

          • Қаңтар айының 10-13 жұлдызы аралығында Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтіп, білім бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмай, оза шапқан дарындылар анықталды. Аталған байқауда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Ардақ Мырзахметов жүлделі екінші орын алып, жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін дәлелдеді. Лицей мақтанышы білікті ұстазды жетістігімен құттықтаймыз!

          • ЛИЦЕЙ ҰСТАЗЫ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Жеңіс Жұмабайұлы география пәні мұғалімі Гүлқайын Үмітханқызына тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды. Гүлқайын Үмітханқызын лицей атынан құттықтаймыз!

          • НҰРЛЫХАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ!

          • Лицейіміздің дарынды оқушыларының бірі Мұзарапша Нұрлыхан «Мен елімді сүйемін» атты шығармашылық байқауға қатысып, «Үздік шығарма немесе эссе жазу» аталымы бойынша жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Айта кетейік, аталған сайысты ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай республикалық «Зияткер» ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журналы ұйымдастырған болатын. Нұрлыханның ұстазы Салтанат Әбдіжәлелқызы да оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, олардың шығармашылық қабілетін жетілдірген еңбегі үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталды.

          • АЛТЫН МЕДАЛЬ ДА, КҮМІС МЕДАЛЬ ДЕ БІЗДІҢ ЛИЦЕЙДЕ!

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары тағы да биіктен көрінді! Атап айтқанда, информатика пәнінен Х Еуразиялық олимпиадада 11-сынып оқушылары - Мәулен Манас алтын медаль, ал Ыдырыс Олжас күміс медаль алып, білім бәйгесінде қатарластарынан оқ бойы озып келді. Оларды жетістігімен құттықтаймыз!

          • ЛИЦЕЙ ҰСТАЗЫ - "ҮЗДІК ПАЛУАН"!

          • 16 желтоқсанда қазақ күресінен Тәуелсіздік күні мен Ақмола облысындағы Атбасар ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған облыстық жарыс өтті. Спорттық бәсекеге Астана, Көкшетау қалаларының, сондай-ақ, Атбасар, Жақсы, Сандықтау аудандарының палуандары қатысты. Елуге жуық спортшы бақ сынаған сайыста лицейіміздің тарих пәні мұғалімі Нұрлан Рауят «Үздік палуан» аталымын жеңіп алып, биіктен көрінді. Ұстазымызды жетістігімен құттықтаймыз!

          • БІЗДІҢ АТА-АНАЛАР - ЧЕМПИОН!

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімдері мен оқушылары ғана емес, ата-аналары да мәдениет және спорт салаларында белсенділік танытып, бізді қуантып жатыр. Атап айтқанда, олар жуырда волейболдан Петропавл қаласында ата-аналар арасында өткен аймақтық жарыста бірінші орын алды. Айта кетейік, аталған спорттық бәсекеге 10 команда қатысқан болатын. Солардың арасынан суырылып шыққан лицейіміздің командасына ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз!

          • ЗАДА РАХМАНҚЫЗЫНА ТӨСБЕЛГІ БЕРІЛДІ

          • Биылғы жыл Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімдері үшін де, шәкірттері үшін де табысты болып тұр. 14 желтоқсан күні лицей директорының орынбасары Зада Рахманқызына Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін  «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді. Жылдар бойы білімді әрі өнегелі шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген ұстазымыздың еңбегі жана беруін тілейміз! 

          • ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУБЕ ДЕГІЗГЕН ҚОЙЫЛЫМ

          • 14 желтоқсанда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 7-9 сынып оқушылары Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына барып, «Жұт» қойылымын тамашалады. 200-ден астам шәкірт пен лицей ұстаздары 1929-1933 жылдары қазақ халқының басына келген зұлмат ашаршылық жайлы қойылымды тебірене көріп, азаттықтың құны мен қадірін көкейіне тоқыды. Шара соңында лицей директоры Жеңіс Жұмабайұлы сахнаға шығып, жиналған қауым мен театр әкімшілігін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. 

          • ДАНАТ АЛТЫН МЕДАЛЬ АЛДЫ

          • 10-15 желтоқсан аралығында Әзірбайжан астанасы Баку қаласында математика, физика және химия пәндерінен оқушылар арасында «Лаборатория подготовки талантов» атты халықаралық олимпиада өтті. Қазақстан атынан қатысқан жас дарындардың қатарында бақ сынаған лицейіміздің 10-сынып оқушысы Данат Дүйсенбековтың жұлдызы жанып, алтын медаль жеңіп алды. Айта кетейік, Данат – бұған дейін де талай республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған талапты шәкірт. Оның жетістікке жетуіне математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гүлдің еңбегі орасан зор. Білім додаларында лицейіміздің ғана емес, күллі Қазақстанның атын шығарып жүрген ұстаз бен шәкіртті құттықтаймыз!              

          • ҰЛТЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙТІН ШАРАЛАР

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай көптеген шара ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, азаттық жолында құрбан болған боздақтарды еске алуға арналған концерттермен бірге, домбырамен күй тартудан сайыс та өткізілді. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыбындағы поэзия байқауында оқушылар ел егемендігіне байланысты шығарған жүрекжарды жырларын оқыды. Мұндай іс-шаралар шәкірттердің бойына ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіріп жатыр.

          • ЫНТЫМАҚТЫ НЫҒАЙТҚАН СПАРТАКИАДА

          •  9 желтоқсанда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында оқитын шәкірттердің ата-аналары үшін арнайы спартакиада өткізілді. «Достық» атауымен ұйымдастырылған сайыста қатысушылар волейбол, үстел теннисі және шахмат секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыс нәтижесінде үздік деп танылған ата-аналар мақтау қағаздарымен марапатталды. Мұндай шара салауатты өмір салтан насихаттаумен бірге, өзара ынтымақ-бірлікті де нығайтатыны сөзсіз. Бір күнге созылған жарыс нәтижесі төмендегідей:

            Волейбол жарысы бойынша:

            1-орын - 11 "А" сыныбы

            2-орын - 7 "В" сыныбы

            3-орын - 9 "С" сыныбы

            "Көрермен көзайымы" номинациясы

            Жанпеисова Қарғаш

            Өтеген Ғалия

            Әзімхан Есенгүл

            Жавартай Клара

            "Үздік ойыншы" - Пириев Аскер

            "Үздік байланыстырушы" - Дәулетжан Құрамысов

            "Үздік шабуылшы" - Оспанов Төлеубай

            "Үздік тосқауылшы" - Тлеубердиев Аманулла

            Үстел теннисі (аналар арасында):

            1-орын - Әзімхан Есенгүл

            2-орын - Нысанбаева Марал

            3-орын - Жавартай Клара

            Үстел теннисі (әкелер арасында):

            1-орын - Бейсекеев Ахат

            2-орын - Ахметов Нұрлан

            3-орын - Бурабаев Алтай

            Шахмат (аналар арасында):

            1-орын - Бекболатова Мира

            2-орын - Манабаева Тумар

            Шахмат (әкелер арасында):

            1-орын - Бурабаев Алтай

            2-орын - Токушев Елнур

            3-орын -Абдукаримов Ертарғын

            Жарысқа атсалысқан ата-аналарға алғыс білдіреміз!

          • ҚОҚЫСТЫ ДА ТАБЫСҚА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛАДЫ

          • 7 желтоқсанда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Қоқыс – қалауын тапса, табыс әкеледі» акциясы өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шара байқау түрінде ұйымдастырылып, 7-11 сынып оқушылары түгел қатысты. «Оператор роп», «Клинсити» компаниялары қолдау білдірген сайыста 7 «С» сыныбының оқушылар үздік деп танылды.

          • "ЖАС ҰЛАНҒА" ЖАҢА МҮШЕЛЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

          • 7 желтоқсан күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 20 7-сынып оқушысы салтанатты түрде «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданды. Айта кетейік, бұл шара Астананың 20 жылдығына байланысты ұйымдастырылды.

          • АЙРЫҚША ПИРАМИДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

          • 6 желтоқсан күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары «Ұлы жібек жолы» жобасын қорғады. Шара барысында әмбебап пирамида үлгісі көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, айрықша пирамиданы кез-келген тақырыпта бейнелі ақпарат беретін платформа, кәдесый немесе түнде шамшырақ ретінде пайдалануға болады.

          • ОҚУШЫЛАРДЫ ШАБЫТТАНДЫРҒАН ДӘРІС

          • 6 желтоқсанда 7-сынып оқушысы Омар Жұмабайдың атасы Жұмабай Молдақадырұлы «Мәңгілік ел және Тұңғыш Президент» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді. Ұстаз Гүлқайың Үмітханқызы ұйымдастырған дәрісте Жұмабай ата шәкірттерге Елбасының тағылым мен өнегеге толы ғұмырын және оның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын математика ғылымымен байланыстырып әңгімеледі. Айта кетейік, Жұмабай Ыдырыс физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі. Дәріс оқушыларды биіктерге талпынуға шабыттандырды.

          • ПСИХОЛОГ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ТРЕНИНГ

          •  6 желтоқсан күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында психолог болып қызмет атқаратын Гүлнар Қазкенова мектеп ұстаздарына «Жақсы көңіл-күй – жан шуағы» атты тренинг өткізді. Шараның мақсаты – көңілді, жайдары жүру жұмыс өнімділігін арттырумен қоса, өзара жылылық қалыптастыратынын насихаттау. Психологтың сабағы барлық мұғалімге айрықша ұнады.

          • ВИЦЕ-МИНИСТР ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

          • 6 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым вице-министрі  Эльмира Суханбердиева Астанада 42 дарынды оқушымен кездесіп, ризашылығын білдіріп, ақыл-кеңесін айтты. Кездесуге қатысқан жастардың барлығы да республикалық және халықаралық білім додаларында жеңімпаз не жүлдегер болған. Айта кетейік, шараға біздің лицейіміздің 10-сынып оқушысы Данат Дүйсенбеков те шақырылды. Ол математика пәнінен республикалық пәндік олимпиадада, жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасында және Батыс Қытай олимпиадасында бірінші орын алған.   

          • ОҚУШЫЛАР "АСТАНА СУ АРНАСЫНЫҢ" ЖҰМЫСЫНА КУӘ БОЛДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында шәкірттердің таным көкжиегін кеңейту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, 1 қазанда 7-сынып оқушылары Астана қаласы «Астана су арнасы» АҚ-ның «Сорғыту-сүзгілеу» станциясына барып, қызметкерлердің жұмыс барысымен танысты. Пайдаланылған суды қайта тазарту үшін қаншама техника жұмыс істеп тұрғанына және оларды қаншама маман күндіз-түні бақылауда ұстайтынына куә болды. Бізге тап-таза болып жеткенімен, судың да сұрауы бар екенін оқушылар анық ұғынды.

          • ОҚУШЫЛАР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МҰРАЖАЙЫНА БАРДЫ

          • 4 желтоқсан күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушылары Тұңғыш Президент мұражайына барды. Олар Елбасының ерен еңбегіне байланысты көп мәліметті жадына тоқып, Н.Назарбаевтың ел тағдырына қатысты мәселелерде парасаттылықпен, көрегенділікпен шешім қабылдайтынын ұғынды. Әр шәкірт бүкіл өміріне азық боларлықтай пайдалы дүниелерді біліп қайтты.

          • СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ҰСТАЗ

          • 3 желтоқсан күні Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Алғабас ауылындағы орта мектептің ашылғанына 90 жыл толуына орай қазақ күресінен облыстық жарыс өтті. Спорттық бәсекеде лицейіміздің тарих пәні мұғалімі Нұрлан Рауият қарсыластарының бәрін жығып, 1-ші орында жеңіп алды. Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар мақтау қағазы, медаль және ақшалай сыйлық табыстады. Жауырыны жер иіскемеген палуан ұстазға мұғалімдік қызметінде де, спорттағы жолында да табыс тілейміз!