• ЖАС ФУТБОЛШЫЛАР ЧЕМПИОН АТАНДЫ

          • «Астана» футбол клубының 18 жасқа дейінгі жастар командасы Қазақстан чемпионы болды. Айта кетейік, команда сапында Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Мират Енбеков те өнер көрсетеді. Лицейіміздің шәкірті Мират пен оның командаластарын жетісітігімен құттықтай отырып, әлі талай биікті бағындыратынына сенім білдіреміз!

          • МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

          • 1-2 желтоқсан күндері Алматы қаласында математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері арасында республикалық шығармашылық байқау өтті. Сайысты ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және математика пәні мұғалімдері қауымдастығы бірігіп ұйымдастырды. Аталған байқауда Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәнінен жоғары санатты мұғалімі Ардақ Мырзахметов екінші орынды жеңіп алды. Айта кетейік, ол Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі, ғылым магистрі, мектепте ағылшын тілінде оқытылып жүрген көптеген математика оқулығының авторы.               

             

             

          • 8-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ СЕНІМДІ АҚТАДЫ

          • 26-30 қараша аралығында Павлодар қаласында жас математиктердің аймақтық турнирі өтті. «Ертіс дарыны» аймақтық оқу-методикалық орталығы ұйымдастырған білім бәсекесінде 16 топқа бөлінген 96 оқушы бақ сынады. Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының атынан қатысқан «Magic mathematicians» тобы ұстаздарының сенімін ақтап, байқауда жүлделі екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, топ басшысы Әлихан Алпысбековке «Үздік капитан» аталымы бұйырды. Оның командасындағы Нұрдәулет Әбсаттаров, Сұлтанбек Сисемәлиев, Қозыкөрпеш Дүйсенбаев, Жұбаныш Әлімбаев, Жәңгір Оспан секілді 8-сынып оқушыларын жеткен жетістігімен құттықтаймыз!

          • ЕЛБАСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫРЫ ПАШ ЕТІЛДІ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында ҚР Тұңғыш Президенті күні кең көлемде атап өтілді. Оған мектептің ұстаздарымен қоса, барлық шәкірт атсалысты. 7-сынып оқушылары Елбасының өмірбаянын – балалық шағын, студенттік кезеңін және еңбек жолын буклет түрінде дайындады. Ал 8-сынып оқушылары мұғалімдерге Нұрсұлтан Назарбаев жайлы сұрақтар қойды. 9-сыныптар интеллектуалды ойынға қатысса, 11-сыныптар викториналық сауалдардан тұратын байқау ұйымдастырды. Яғни, күні бойы Елбасының үлгілі, өнегелі ғұмыры паш етілді.    

          • ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

          • 28 қараша күні «Білім-Инновация» және «Білім Орда» Халықаралық қоғамдық қорларына қатысты білім беру мекемелерінің оқушылары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талдап, өз пікірлерін ортаға салды. Айта кетейік, «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты бұл ашық сабақ «Nurorda» мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Шараға жоғарыда аталған қорларға қарайтын 30-дан астам білім беру мекемесінің ұстаздары, шәкірттері және ата-аналары телекөпір арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен байланысқа шықты. Сонымен бірге, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық тәрбие моделі: Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын мектептерде жүзеге асыру мақсатында іске қосылатын баламасы жоқ «Мәдени паспорт» жобасы таныстырылды. Жоба аясында оқушылардың мәдениет, спорт, өнер және т.б. салалардағы дағдылары ұлттық негізге бейімделмек.        

          • ОҚУШЫЛАР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ БАРДЫ

          • 28 қараша күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық музейге барды. Онда шәкірттерді бастап апарған тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Бимбетов «Ұлы жібек жолы» тақырыбында сабақ өткізді. Аталған сауда жолының қазақ мәдениетінің дамуына тигізген үлесі жөнінде оқушылар мол мағлұматқа қанығып, төл тарихымыз жайлы білімін арттырды. Сондай-ақ, көне дәуірден қалған тарихи жәдігерлерге өз көзімен куә болды.  

          • ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында қоқыстарды бөлек жинау бойынша оқушыларға арналған Экологиялық семинар өтті. Дәріс оқыған Ержан Бақытжанұлы әртүрлі материалдардан жасалған тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау арқылы, оларды қайтадан өңдеуге жіберуге болатынын түсіндірді. Айта кетейік, мұндай тәсіл әлемнің дамыған елдерінде көптен бері пайдаланылады.

          • «ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ CIS ҰЙЫМЫНА ЕНУ МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ КЕҢЕС ӨТТІ

          • 26 қараша күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Қазақстан білім беру ұйымдарының CIS ұйымына ену мүмкіндіктері» атты халықаралық аккредитация жөніндегі үйлестірушілер кеңесі өтті. Айта кетейік, СІS (Халықаралық мектептер кеңесі) – білім беру саласын дамыту үшін құрылған ұйым. Оған әлемнің 116 елінен 735 мектеп және 616 университет пен колледж мүше. CIS-тің құрамына халықаралық білім беру стандарттарына сай оқу орындары ғана кіре алады. CIS ұйымына қабылдану – оқу үрдісін жетілдіріп, мектептің тұрақты түрде дамып отыруына жол ашады. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған семинарға білім беру ұйымдарының басшылары мен үйлестірушілері қатысты. Кеңес барысында CIS ұйымына мүшелікке үміткер мектептердің қызметкерлері тәжірибе алмасып, пікірлерін ортаға салды. 

          • ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

          • Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында 17 қараша күні 7-8 сыныпта оқитын шәкірттердің ата-аналарына, ал 24 қарашада 9-10 сынып оқушыларының әке-шешелеріне арналған педагогикалық кеңес беру ұйымдастырылды. Яғни, ата-аналар әр пән мұғалімімен жеке-жеке тілдесіп, балаларының оқу үлгерімі жайында мәлімет алды. Мұндай шара ұстаздар мен ата-аналардың арасындағы байланысты арттырып, оқу сапасын жақсартатыны анық. 

          • ПЕТРОПАВЛДАН АҚЖОЛТАЙ ХАБАР КЕЛДІ!

          • Петропавлдан ақжолтай хабар келді! Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 7-сынып оқушылары аталған қалада өткен КТК ойындарынан аймақтық байқауға қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Айта кетейік, шәкірттерді Петропавлға ұстаздары Бауыржан Санақов пен Нұрлан Рауят апарды. Лицей мерейін асқақтатқан оқушыларды құттықтаймыз!  

          • ҚАНАТ АЛИН ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

          • 23 қараша күні Астана қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында ҚР Грепплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин оқушылармен кездесті. Ол жасөспірімдерге алдағы жоспарлары жөнінде айтып берді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысудың маңызы жөнінде сөз қозғады. Лицей шәкірттері тағылымды кездесуден мол өнеге алып, пайдалы мәліметтерге қанықты.             

          • ЛИЦЕЙ МҰҒАЛІМДЕРІ МЕН ОҚУШЫЛАРЫ ДИКТАНТ ЖАЗДЫ

          • Күллі Қазақстан Республикасы аумағында өткен жалпыхалықтық диктанттан Астана қаласы әкімдігінің Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты да қалыс қалмай, 14 қараша күні лицей жаппай диктант жазды. 30 минутқа созылған диктант жазу үдерісіне мұғалімдер де, оқушылар да қатысты. Бекітілген тәртіп бойынша, әуелі 15 минут латыннегізді қазақ әліпбиі таныстырылды. Содан соң диктант мәтіні үш рет дыбысталды. Айта кетейік, диктант жазуды ұйымдастырудың мақсаты – латыннегізді қазақ әліпбиінің практикалық тұрғыда жүзеге асырылуын жан-жақты қамту, нақтылай түсу, өзін-өзі бағалау, бейімделу. 

          • "ТҰМАУДЫҢ ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛАМЫЗ?"

          • 14 қарашада №8 қалалық емхана дәрігерлері Астана қаласы әкімдігінің Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына келіп, 7-сынып оқушыларына тренинг-сабақ өткізді. Дәрістің тақырыбы – «Тұмаудың қалай алдын аламыз?». Мамандар оқушыларға жеке гигиена талаптары жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді.

          • ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУҒА ҮНДЕГЕН ДӘРІС

          • 14 қарашада Астана қаласы әкімдігінің Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушыларына лицей инспекторы Эльмира Бимағанбетова «Жол қауіпсіздігін ұстан» тақырыбында дәріс оқыды. Көшеде көліктер әрлі-берлі ағылған бүгінгідей заманда мұндай мәселені шәкірттерге ұғындырудың маңызы зор.

          • ТАРИХШЫ ШӘКІРТТЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЖАНДЫ

          • 1-3 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы «Менің кіші Отаным» республикалық байқауын ұйымдастырды. Жас тарихшылардың І республикалық интелектуалдық сайысына еліміздің әр түкпірінен келген 9-сынып оқушылары қатысып, барлығы 23 топ бақ сынады. Астана қаласының Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты атынан қатысқан Ибрагим Пириев «Менің кішкентай Отанымның тарихы» аталымында, Ахмет Батырали «Менің кішкентай Отанымның болашағы» аталымында жүлделі орындарды жеңіп алса, ал Абілділла Асадулла «Менің кішкентай Отанымның символы», Қанатбек Аңсар «Менің туған өлкем» аталымы бойынша мақтау қағазымен марапатталды. Айта кетейік, оқушыларды білім бәйгесіне дайындаған – тарих пәнінің мұғалімі, директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Мизинбайқызы. Ұстазы мен шәкірттері әлі талай белестерді бағындыратынына сенеміз!

          • ЖАС ХИМИКТЕР ЖАРАДЫ!

          • 30 қазан мен 1 қараша аралығында Жезқазған қаласында өткен химия пәнінен Қ. Сәтбаев атындағы республикалық олимпиадада лицейіміздің 8-сынып оқушысы Ернұр Қожахметов бірінші орынды жеңіп алса, ал Бақдәулет Сейсенқұл мақтау қағазымен марапатталды. Жас химиктерді жетістігімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындыра беруін тілейміз!  

          • ҰСТАЗДАРДЫҢ МЕРЕЙІ ӨСКЕН БАЙҚАУ

          • 24-25 қазанда Алматы қаласында ұстаздар арасындағы республикалық «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауы өтті. Шараның мақсаты білім сапасын арттыру, мұғалімдердің жұмысына жайлы жағдай жасау, сондай-ақ, ұстаздардың біліктілігін арттыру. Аталған байқауда лицейіміздің тарих пәні мұғалімі Мұхтар Бимбетов 3-ші орынға ие болса, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Рамазанова арнайы грамотамен мараппатталды. Оларға ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломы және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мақтау қағазы табысталды. Ұстаздардың еңбегі табысты әрі жемісті болуын тілейміз!

          • БРАЗИЛИЯДА БИІКТЕН КӨРІНДІК

          • 23-27 қазан аралығында Бразилияның Ново-Гамбург қаласында ғылыми жобалар байқауы өтті. «Mostra Internacional de Ciência e Tecnologia» атты халықаралық көрме аясында ұйымдастырылған білім бәсекесінде біздің «Білім-инновация» лицейінің оқушылары да биіктен көрініп, жеңімпаз-жүлдегер атанды. Ғылыми зерттеу мен ізденіске едәуір уақытын арнаған шәкірттер халықаралық бәйгеде топ жарып, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтады. Ғылым-білім байқауында оза шапқан оқушыларға дипломдар, медальдер, құнды сыйлықтар табысталып, оқу гранттары берілді. Лицей оқушыларын жетістігімен құттықтаймыз!

          • АДАЛДЫҚТЫ НАСИХАТТАҒАН ТУРНИР

          • 10-сынып оқушылары «Адал ұрпақ» еріктілер клубының «Адалдық алаңы» атты қалалық турниріне қатысып, белсенді өнер көрсетті. Мұндай шаралар жасөспірімдердің бойындағы адамгершілік, имандылық секілді ізгі қасиеттердің қалыптасуына оң әсерін тигізетіні даусыз.

          • ЛИЦЕЙ ИНСПЕКТОРЫ ДӘРІС ЖҮРГІЗДІ

          • Лицей инспекторы Зарина Темірланқызы 9-сынып оқушыларымен ашық кездесу өткізіп, «Жасөспірім және қоғам» тақырыбында дәріс жүргізді. Онда алдымен бүгінгі жас жеткіншектердің әрқайсысы ертең қоғамның белді мүшесіне айналып, айналасына ықпалын тигізетіні сөз етілді. Сондай-ақ, жаман әдеттер мен қылмыстан ада қоғам қалыптастыруда әр адамның рөлі орасан зор екені насихатталды.